5-лекция

    Тақырыбы: Дүниетану пәнінің мазмұны, құрылымы, ерекшелігі.

    Мақсаты: Пәннің теориялық негізін, оқулықтардағы материалдардың мазмұнын, оларды КТЖ түзуде іріктеу принциптерін, ұғымдар жүйесін, оларды қалыптарстыру жолдарын меңгерту.

    Жоспары: 

1. Дүниетану пәнінің мазмұны

2. Дүниетану пәнінің құрылымы, ерекшеліктері.

    1. Дүниетану пәнінің мазмұны

     Табиғат туралы мәліметтер көлемі кең және ерекше мәні зор.  Дүниетану жөніндегі көлемді материалдар ішінен мектепте, яғни балалардың жас ерекшеліктеріне сай оқытуға тек ғылым негізін құрайтын материалдар таңдап алынған. Ғылым материалдары балаларға түсінікті болу үшін оқу материалын іріктеп, оны тереңірек баяндаудың жолдары іздестірілді және оқушыларға биологиялық, географиялық, экологиялық ұғымдардың қалыптасуы мен дамуын ескере отырып, материал қиындығы біртіндеп арттырылуын қамтамасыз етерліктей жүйелілікпен оқыту белгіленді. Таңдап алынған материалдар және оған бөлінген уақытқа сай оқыту білім берудің маңызды міндеттерінің бірі. Осыны бұзбай орындағанда ғана оқушылардың шамадан тыс шұғылдануды болдырмауға және бағдарламалық материалдарды барынша терең талқылауға мүмкіндік болады.

     Бастауыш сыныпта дүниетану пәнін оқыту 2 бағытта жүзеге асады. Оның 1 - бағыты: Айнала дүние және табиғат туралы балаларда білім қалыптастыру.

     Оқушыларға «табиғат – адам - қоғам» арасында диалектикалық бірлікті жүйе екендігін түсіндіру. Осы жүйені құрайтын әр компоненттің ерекшеліктері мен қасиеттерін, орнын танып білу. Бұл білім ары қарай жеке ғылымдар мысалы, биология, география, химия, экология, физика пәндері  арқылы  тереңдетіледі. Бірінші бағыт бойынша мына төмендегідей білім қалыптасады:

     -мектепке дейінгі білімді толықтыру,

     -табиғаттану түсініктер негізі, жанды, жансыз табиғат, олардың   қасиеттерін;

     -қарапайым географиялық түсініктердің қалыптасуы (карта, глобус, жергілікті бағдарлау);

     -жер ғаламшары (планетасы ) және күн жүйесі жайлы мағлұматтар беру;

     -адам тұлғасы, қарапайым гигиенасы, тіршілік қауіпсіздігін білу;

     -өлкетану материалдары жайлы білім  қалыптасу.

     2 - бағыт  бойынша экологиялық білім мен табиғатты қорғау жайлы тәрбие берілуі керек. Табиғатты қорғау - дүниетанудың бүкіл курсының мәні болып табылады. Басты назар балалардың табиғатты қорғау іс - шараларына тікелей қатысуына жағдай жасауға, осындай жұмыстың маңызын түсінуге бағытталуы тиіс. Оқушылар:

     -тірі организмдер мен өлі табиғаттың өзара байланысы және  тәуелділігі туралы түсінік алады;

     -негізгі табиғатты қорғау іс - шараларымен танысады, бұл табиғатпен сауатты қарым – қатынас жасау дағдысын қалыптастырады;

     Балаларда қоршаған ортаға деген дұрыс көзқарас қалыптасады, оны сақтауға деген жауапкершілік сезімі тәрбиеленеді, табиғат аясындағы мінез-құлықтың белгілі бір нормасы түзіледі. Мұның бәрі жеке бастың экологиялық мәдениетінің қалыптасуына жәрдемдеседі. Бұдан басқа дүниетануды оқып-үйрену ғылым мен ғылыми білімнің қоғамды дамытудағы және қоршаған ортаны сақтаудағы ролін ашып көрсетуге  көмектеседі.

     Оқушыларда бастауыш мектепте дүниетану пәнін оқу барысында «Адам-қоғам-табиғат»  деп аталатын үш дидактикалық блок бойынша мына төмендегідей білім беріледі:

     -Күн жүйесі, олардың  қозғалысы, қасиеттері мен өзара байланысы туралы;

     -заттар мен денелер, олардың қасиеттері туралы;

     -табиғат құбылыстары туралы;

     -жер планетасының тірі мекендеушілері және олардың өлі табиғатпен байланысы, тірі табиғаттағы процестер, өзгерістер туралы;

     -табиғаттағы экологиялық байланыстар және табиғат пен қоғам арасындағы қайшылықтар;

     -адамның шаруашылық әрекеттері, табиғатты ұтымды пайдалану, адамның өмірдегі жауапкершіліктері туралы.

     Оқушылардың бойында бастауыш мектепте дүниетануды оқу кезінде белгілі бір білім қоры, бастапқы дағдылар мен машықтар, икемділік қалыптастырылады. Бастауыш мектепте білім берудің жаңа стандартына сәйкес биология, физика, химия, география, астрономия және экология пәндері «табиғат» атты біртұтас блок құрайды. Сондықтан бастауыш мектепте осы ғылымдар бойынша бастапқы білімдер меңгерілуі тиіс. Атап көрсетсек:

     Заттар мен денелер. Тірі және өлі табиғат обьектілері. Табиғат элементтері және адам жасаған бұйымдар.

     Өлі табиғат. Қатты денелер, сұйықтар, газдар. Ауа, оның құрамы, қасиеттері, тірі организмдер үшін маңызы. Су, оның қасиеттері. Заттың түрлі агрегаттық күйлерге көшуі (судың мысалында). Табиғаттағы су айналымы. Судың тірі ағзалар үшін маңызы.

     Аспан денелері. Жұлдыздар мен планеталар. Жер, оның формасы. Глобус - Жердің моделі. Ай - Жер серігі. Жердің өз осінен айналуы, Күнді айнала қозғалуы. Күн мен Түннің ауысуы. Жыл мезгілдерінің ауысуы. Көкжиек, Көкжиек сызығы. Әлем тұстары. Тұсбағдар. Жергілікті жердің картасы, планы. План мен картадағы шартты белгілер. Жербедері: жазықтар, таулар, төбелер, жыралар. Су қабаты: өзен, көл, теңіз, мұхит, тоған.

     Пайдалы қазбалар мен тау жыныстары. Пайдалы қазбалардың түрлері, қасиеттері, олардың маңызы және адамның тұтынуы. Ауа райы.(бұлт, жауын-шашын, жел).

     Тірі табиғат элементтері. Саңырауқұлақтар, өсімдіктер,  жануарлар —тірі организмдер, олардың қасиеттері; қоректенуі, тыныс алуы, өсу, көбею, даму. Олардың табиғат үшін, адамдар үшін маңызы, оларды қорғау шаралары.

     Адам - табиғаттың саналы бөлігі. Адамның тұлғасы, мүшелері, мүшелер жүйесі. Адам тіршілігі үшін судың, ауаның, топырақтың, өсімдіктердің, жануарлардың ролі, экологиялық жағдайы. Адамдардың табиғатқа тигізер оң және теріс әсерлері. Тіршілік қауіпсіздік ережелері. Қоғамдық орындардағы мінез-құлық.

     Жоғарыдағы білімнен басқа, оқушылар белгілі бір дағдыларды меңгеруі тиіс:

     -табиғи обьектілер мен жасанды заттарды, тірі және өлі табиғат обьектілерін ажырата білу, оларды сипаттау.

     -өсімдіктер мен жануарлардың негізгі топтарын, оларды айыра білу; әртүрлі табиғат зоналардың өсімдіктері мен жануарларын тану; сол өлкенің ауылшарушылық өсімдіктерін, жануарларын; бөлме өсімдіктеріне күтім жасау, түрлі тәсілдермен көбейту жолдарын меңгеру.

     -табиғатқа өз бетінше бақылау жүргізу; қарапайым тәжірибе жасай білу; қарапайым зертханалық аспаптармен, құрал - жабдықтармен жұмыс жасай білу, қолдана білу.

     -белгілі бір жерде бағдар жасау, картаны сауатты  пайдалана білу, тұсбағдармен жұмыс жасай білу.

     -өз өлкесінің негізі пайдалы қазбаларын білу.

     -жеке бас гигиенасының ережелерін білу, оны орындау; зақымданған кезде қарапайым көмек көрсету .

-табиғатты қорғау жөнінде шамасы келген жұмысты орындай білу.

2. Дүниетану пәнінің құрылымы, ерекшеліктері.

Дүниетанудың оқу пәні ретіндегі өзінің дидактикалық ерекшеліктері бар, бұл оны мектеп курсының өзге пәндерінен ерекшелейді. Бұл пәннің теориялық негізі жаратылыстану негіздері циклі бойынша ботаника, зоология, жертану және өлкетану пәндері болып табылады.

     Төменгі класс оқушылары дүниені біртұтас күйінде қабылдайды, оның көріністерін биологиялық, физикалық, химиялық құбылыстарға бөлмейді. Жаратылыстану білімін интеграциялап оқытудың алғашқы кезеңінде табиғат құбылыстары туралы дұрыс, тұтас түсінік қалыптастыруға мүмкіндік береді, табиғат туралы ғылымдарды одан әрі саралай оқып үйренуге белгілі бір негіз қалайды. Оны оқып – үйрену барысында дүниенің материалдығы мен танымдылығын, құбылыстардың өзара байланысын, заңдылықтар мен эволюция идеяларын түсінуге қадам жасалады.

     Қоршаған дүние обьективті түрде өмір сүретін болғандықтан, ондағы заттар мен құбылыстары алдымен санада бейнеленеді. Көру, сезіну, түйсіну арқылы сезім мүшелерге материалдық түрде әсер етеді де біз оларды қабылдаймыз. Қабылдау барысында сыртқы сезім мен ішкі сезімдер біріге отырып танымды нақтылай түседі. Сезім арқылы таныған дүниені ғылыми біліммен байланыстырғанда ғана білім қалыптасады.

     Адам баласы таным арқылы білмеуден білуге көшеді, сол затты немесе құбылысты танығаннан кейін таныс еместерін білуге ұмтылады, ізденеді. Таным арқылы заттар мен құбылыстардың басты белгілері, ұқсастықтары мен айырмашылықтары жайындағы бейнелі қабылдау нәтижесінде ұғым туады. Осылайша таным нақты дүниеге, қоршаған ортадағы бар заттарға негізделсе ғана белгілі мазмұнға ие болады, оны өз мәнінде танып білу үшін ғылым керек.

      Табиғат жайлы ғылымдардың барлығы айнала дүниенің даму барысын  түсіндіру, табиғаттың даму заңдылықтарын ашу негізін қарастырады. Табиғат құбылыстарының қарапайым байланыстарын және өзара тәуелділігін анықтайды. Тірі және өлі табиғат арасындағы айырмашылық тарды, байланыстарды түсіндіреді. Табиғат құбылыстарының сырын түсіндіре отырып материалистік көзқарас, яғни дұрыс дүниетанымдық көзқарас қалыптастырады. Мұғалім көмегімен айналадағы табиғатты зерттеу (бақылау) арқылы олардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін және оны қорғауға деген ықыласын тудыра отырып, өздері тұрған жердің табиғат айырмашылықтарын, олардың себептерін анықтайды.

     Дүниетану пәні «Адам», «Табиғат», «Қоғам» блоктары бойынша білім мен білік береді. Мұнда оқушы алғашқы тірі және өлі табиғат, табиғаттағы құбылыстарды, дене мен заттар, олардың әрқайсысына тән қасиеттерін, олардың адамдарға қажеттілігі туралы біледі. Осындай мағлұматтарды ұғына отырып табиғат пен адамның тығыз байланыстылығын  түсінеді. Сондай-ақ, табиғатты аялау, үнемдеу т.с.с. экологиялық тәрбие беріледі.

     Жаратылыстанудың жалпы әдістемесінің  аса маңызды міндеттерінің бірі - ғылым ретінде жаратылыспен оқу пәні ретінде жаратылыстану арасындағы байланысты анықтау.

     Табиғат туралы мәліметтердің көлемі өте кең. Осыған байланысты оқу материалын ғылымилығы негізінде іріктеу, топтау мен өңдеу, материалды зерттеу тәртібі мен жүйесін анықтау әдістеме міндеттері болып табылады. Оқушылар табиғат пен адамның шаруашылық қатынасын зерттей отырып білім алып қана қоймай, сондай-ақ оларда практикада қажет болатын машық пен дағды қалыптасады. Ғылым негіздерін оқытудың неғұрлым тиімді әдістері мен амалдарын жасау әдістеменің тағы бір маңызды міндеті болып табылады. Ол мұғалімге ғылыми материалдарды оқушылар үшін қалай түсінікті етуге болатынын көрсетеді, табиғат туралы ғылымдарды зерттеуге негіз қалайды.

   Жаратылыстану курсы баланың ақыл-ойын дамытуға бағытталған үлкен міндеттерді шешеді. Нақты обьектілер мен құбылыстарды оқып-үйрену кезінде оның бақылау қабілеті дамиды. Байқағыштық – заттар мен құбылыстарды саналы түрде қабылдай білу, олардың өзіне тән және ортақ белгілерін табу, белгілі заңдылықтарды байқау, оларды талдап қорытынды жасай білу қабілеті. Байқағыштық жүйелі жаттығулардың барысында біртіндеп дамиды. Мұның бәрі баланың ойлау қабілетін дамытуда, қоршаған ортаны танып білуінде маңызы зор. Жаратылыс ғылымдары логикалық индукция және дедукция әдістеріне үйретеді, құбылыстардың мәніне терең бойлау дағдысын қалыптастырады.

Логикалық ойлаудың дамуы бірнеше кезеңнен тұрады.

1.Фактілер мен құбылыстарды бақылау.

     2.Жауапты іздеу үшін  мәселе (шарт) қою.

     3.Бақыланып отырған нәрсе бойынша мүмкін болжамдар жасау.

     4. Болжамды зерттеу және дұрыс жауапты тәжірибе жүзінде тексеріп, логикалық  тұрғыда талдап, тиянақты қорытындылай білу.

     Табиғаттағы обьектілер мен құбылыстарды танып білу деген баланың логикалық ойлауына жол ашатын  өте құнды  материалдар болып табылады. Осы тұрғыда жаратылысты танып білу кезінде жүргізілетін түрлі әдістер барысында балаға тек білім ғана беріліп қоймай жан-жақты тәрбие беріледі. Әрбір сабақтың оқытудан тәрбиелік мәнді болуы бірінші кезекті, яғни оқу мен тәрбиенің тұтас жүйе екендігі белгілі.

     Оқушылардың адамгершілік қасиеттерін, дұрыс мінез-құлықтарын қалыптастыру арнайы жарияланбаған. Ол құрамдас бөліктері мен әртүрлі әдістері арқылы іске асып отырады. Бұл қағиданы дұрыс түсініп, жүрегімен қабылдаған әрбір мұғалім өз сабақтарының әрбір тәрбиелік  функциясын өз бетінше – ақ ұйымдастырып отырары сөзсіз, әрі міндетті. Әрбір сабақ талдау арқылы жүруі шарт. Талдау –бірлескен ізденіс. Ізденіс барысында мұғалім әр баланың көңіл-күйін бақылауға, ой-пікірін байқауға, яғни интелект деңгейін анықтай алады. Адами құндылықтар бала бойына іс - әрекет  барысында беріледі. Өйткені өзгенің басындағыны өз басында өткізгендей етіп қабылдауы баланың болашағын аңғаруына, айналасындағылардың іс - әрекетін түсінуге, ой елегінен өткізіп, сезінуіне ықпал етеді. Тәрбие дегеніміздің өзі де ең алдымен баланың сезімін оятып, әсершілдігін дамыту. Сезімді тәрбиелеу- яғни баланы қоғамдық мәні бар, адамдарға жақсылық ететін құлық-қасиеттерден рахат, қуаныш табуға баулу деген сөз.

     Дүниетану сабағында диалектикалық көзқарас қалыптастыру үнемі бірізділікпен, яғни табиғат элементтерінің бір-біріне байланысты құбылыстар сырына үңілу. Дүниетанымдық көзқарас оқушыларға бірден беріле қоймайды, ол ұзақ, үздіксіз берілетін оқу - тәрбие негізінің жемісі. Мұғалім ең алдымен органикалық дүниені, яғни әлем немесе табиғатты құраушы элемент атауларын, қасиеттерін, ерекшеліктерін және оның орны, пайдасы мен зияндылығы жайлы мағлұмат беруі, олардың байланысы мен болмысы, тіршілік жағдайы, ортасы, өзгерісі, жойылуы немесе басқа түрге өтуі т.б. тіршілік түрлерінен түсінік беру нәтижесінде әлемде, яғни табиғатта үздіксіз, тығыз байланысты құбылыстардың болуы, олардың әсері, осыдан барып органикалық дүниенің эволюциялық даму тарихы шығатынын түсіндіру нәтижесі балада дүниетанымдық көзқарастың қалыптасуына әкеледі (жай-күрделі, төменнен жоғарыға қарай заңдылығы түсіндіріледі).

Бақылау сұрақтары

1. Дүниетану пәнінің мазмұнын сипаттап бер

2. Дүниетану пәнін оқыту қандай 2 бағытта жүзеге асады?

3. Дүниетану пәнінің құрылымы қандай?

4. Пәннің ерекшеліктері?

5. Қазіргі кезде пәнді оқытудың мәні қалай өзгерді?

Қажетті әдебиеттер

1. Аймағамбетова Қ. Дүниетануды оқыту теориясы мен технологиясы. –Алматы: Полигафия-сервис и К., 2006.-248 б.

2. Сихимбаева С.М. Дүниетану теориясы мен технологиясы. Оқу құралы. -Шымкент: Нұрлы бейне, 2008.- 148 б.

3. Петросова Р.А., Голов В.П., Сивоглазов В.И. Методика обучения естествознанию и экологическое воспитание в  начальной школе.- Издательский центр: Академия, 1999.-96с.

 

6-лекция

Тақырыбы: Оқу пәнінің мазмұнындағы негізгі принциптер: жүйелілігі, ғылымилығы, түсініктілігі, дәйектілігі.

Мақсаты: Оқу пәнінің материалдарының іріктелу принциптерін ажырата білу.

Жоспары:

1.Оқу пәнінің мазмұнын іріктеу принциптері

2. Оқу пәнінің мазмұнының жүйелілігі, ғылымилығы, түсініктілігі, дәйектілігі.

1.Оқу пәнінің мазмұнын іріктеу принциптері

     Оқыту принциптерін білу оқу үрдісін оның заңдылықтарына сәйкес ұйымдастыруға, оқу материалының мақсаттарын орынды анықтауға және мазмұнын таңдап алуға, оқытудың түрлері мен әдістерінің мақсаттарына тиісті түрін таңдауға мүмкіндік береді.

     Дүниетану пәнінен оқу материалын іріктеу кезінде ұғымдардың ғылымилығы мен түсініктілігі ескеріледі, осыған байланысты негізгі білім қарапайым түсініктер мен ұғымдар деңгейінде беріледі. Мұндай түсініктерге заттар мен денелер, ауа мен судың қасиеттері, минералдар, тау жыныстары мен пайдалы қазбалар, тірі табиғат алуандығы, табиғат процестері мен құбылыстары туралы білім жатады.

    Оқытудың әрбір кезеңінде бастапқы түсініктер тереңдеп, мазмұны кеңейеді және біртіндеп білімге айналады. Бұл білім «түсінік-ұғым-білім» схемасы бойынша қалыптасады. Мұндай жүйелілік білім мазмұнының біртіндеп тереңдеуін қамтамасыз етеді Пәнді оқып–үйрене  отырып, оқушылар өздерінің бақылауларын, бұрын алған ұғымдарын қорытындылайды, оларда өздері меңгерген білімнің негізінде жаңа түсініктер мен ұғымдар қалыптасады. Мазмұнның жүйелі толығуы оқушылардың білімін тиянақты етіп бекітуге мүмкіндік береді.

     Оқу материалдары белгілі бір жүйемен реттеліп жоспарланбаса білім тиянақты қалыптаспайды. Сондықтан білім жүйесінде әр пәннің өздеріне тән бекітілген бағдарламасы болады. Осы бағдарламаға сәйкес оқу материалдары белгілі принциптермен іріктеліп, жүйеленеді, яғни жүйелілік, бірізділік принциптерімен жүзеге асады. Сондай-ақ материалдың тәрбиелік орны, ғылыми тиімділік тұрғысы, көрнекілік жүйе, өлкетану, жеделдете оқыту, қиындықта оқыту, қарапайымнан күрделену бірізділігі сияқты принциптер ұсталынады.

     Оқытудың ғылымилық принципі білім беру мазмұнының қазіргі ғылым мен техниканың, әлемдік өркениеттің жинақтаған тәжірибесінің даму деңгейіне сәйкестігін қарастырады. Бастауыш кластарда жаратылыстану ғылымдарының қазіргі жетістіктері мен жаңалықтарын кірістіре отырып, нақты ғылыми фактілермен, құбылыстармен, табиғи заңдылықтармен таныстыруға бағытталу болып табылады.

    Оқыту жүйесінде негізгі деп саналатын принцип- көрнекілік принципі. «Егер оқушыларға нақты шынайы білім беруге ниеттенсек, онда біз барлығын жеке бақылауымыз бен сезім көрнекілігі арқылы оқытуға ұмтылуымыз керек»,-деген А.Я.Коменскийдің пікірі дәлелдейді. Сондай-ақ, К.Д.Ушинский «қандай да бір жағдайды қабылдауға сезім мүшелері қанша көп қатысса, ол біздің есімізде сонша берік сақталады»,-деген.

     Оқытудың көрнекі және техникалық құралдарын қолдану материалды тиімді игеруге жағдай жасайды. Сонымен қоса оқушылардың танымдық қызметінің белсенділігін арттырады, өмірмен байланыстыру қабілеттерін дамытады, байқағыштыққа тәрбиелейді, оқуға деген қызығушылығын арттырады және білім санада ұзақ сақталып, игеріледі.

   2. Оқу пәнінің мазмұнының жүйелілігі, ғылымилығы, түсініктілігі, дәйектілігі.

 Оқытудағы реттілік пен жүйелілік  принципі оқулықтар мен бағдарламаларда жүйелеп құрумен, пәнаралық және пәнішіндегі байланыстарды орнатумен іске асырылады.

     Оқытуда жүйелілік тұрғыда дамыту оқу материалын нақты құрылымдауға, оқылатын оқу пәні бойынша оқулық пен көрнекі құралдардың жиынтығын жасауға мүмкіндік береді. Жүйелілік құрылымдау оқылатын материалдағы басты ұғымдар мен категорияларды бөліп көрсетуді, олардың басты ұғымдармен байланысын орнатуды талап етеді.

     Оқытудағы бірізділік оқу материалына түсініктілікті, оны берік меңгеруді, қиыншылықтардың бірте-бірте артуын және оқушылардың танымдық мүмкіндіктерінің дамуын қамтамасыз етеді.

     Өлкетану принципі - табиғат және адам еңбектері оқытылатын сабақтардың бәрінде белгілі бір ретпен, жүйелі түрде, күнделікті қолданып отыру қажет. Өлкетану екі бөлімнен тұрады: а) мектеп айналасындағы жерлерді сипаттайтын материалдарды жинау; б) жиналған материалдарды сабақта пайдалану. Өз ауданын зерттеуді ауылда мектептің ауласынан бастап, одан кейін ауладан ауылға, ауылдан ауданға ауысқан жөн. Қалада-ауладан көшеге, көшеден өз ауданына, одан кейін бүкіл қаланы зерттеуге көшу керек.

     Әдетте өз жерін зерттеу төмендегі жоспар бойынша жүргізіледі: Қаланың, ауданның географиялық орны; Қаланың немесе ауданның жер бедері, пайдалы қазбалары; Климаты; Сулары; Топырағы; Өсімдіктері мен жануарлар жүйесі; Ауданның өткен тарихы; Халқы, олардың айналысатын кәсібі; Даму перспективалары. Осылай тікелей зерттеу негізінде көптеген түсініктер тұжырымдауға мүмкіндік береді; оқушылардың байқампаздығы күшейеді, тек оқулықтан ғана емес, айналадағы табиғат пен өмірден де білім алуларына көмектеседі; өз өлкесін танып білу арқылы туған жерге деген сүйіспеншілігі артып, патриоттық сезім қалыптасуына мүмкіндік береді.

Бақылау сұрақтар мен тапсырмалар

1. Бастауыш класта дүниетану пәнін оқыту бағыттары қалай жүзеге асады?

2. «Табиғат–адам–қоғам» арасында диалектикалық бірлікті жүйе екендігін түсіндір.

3. Ұғымдар жүйесі дегеніміз не?

4. Табиғат жайлы білім қалай қалыптасады?

5. Материалдарды іріктеу қандай принциптерге негізделеді?

6. Өлкетану принципі  не береді?

Қажетті әдебиеттер

1. Аймағамбетова Қ. Дүниетануды оқыту теориясы мен технологиясы. –Алматы: Полигафия-сервис и К., 2006.-248 б.

2. Сихимбаева С.М. Дүниетану теориясы мен технологиясы. Оқу құралы. -Шымкент: Нұрлы бейне, 2008.- 148 б.

3. Петросова Р.А., Голов В.П., Сивоглазов В.И. Методика обучения естествознанию и экологическое воспитание в  начальной школе.- Издательский центр: Академия, 1999.-96с.

4. Жүнісова. К.Ж және т.б. Бағдарламалар. Дүниетану 1-4 сыныптарға    арналған. –Алматы: РБК, 2003.-42б.

5. Жүнісова К., Рахметова С. және т.б., ҚР бастауыш білімнің мемлекеттік стандарты., Алматы: РБК,1998.-336б.